Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты үндеуі

Құрметті отандастар!
Бүгін мен еліміздің азаматтарына арнайы үндеуімді жолдап отырмын. Баршаңызға белгілі, қазір елімізде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Қардың күрт еруіне байланысты аймақтарда су тасқыны болып жатыр. Бұл – табиғи апат. Мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмаған. Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болады.
Су тасқынына байланысты еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланды, яғни Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында.
Атқарушы органдар жіберген олқылықтарды түзеу үшін мен шұғыл түрде нақты тапсырмаларды бердім. Қазір барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Үкімет қарғын судың салдарын жоюға бар күшін салуда.
Премьер-Министрдің басшылығымен Республикалық штаб құрылды. Премьер-Министрдің өзі, оның орынбасарлары және Төтенше жағдайлар министрі апат болған аймақтарды аралап жүр. Барлық құтқару жұмыстары менің тікелей бақылауымда.
Су тасқынымен күресуге Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық ресурсы тартылды. Сондай-ақ құтқару жұмыстарына Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Қарулы Күштер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары белсене атсалысып жатыр. Зардап шеккен аймақтардың әкімдіктері күндіз-түні жұмыс істеуде. Ондаған мың волонтер де көмектесіп жүр.
Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы.
Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі.
Біз алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Яғни, жіберілген олқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алуымыз қажет. Ал ондай сабақтар аз емес.
Апаттардың алдын алу жұмысындағы кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тапшы болуы, табиғатқа немқұрайлы қарауға дейін көп мәселені реттеу қажет. Үкімет және жергілікті атқарушы органдар су тасқынымен күресті тиімді үйлестіріп отыруға тиіс. Су басқан аумақтарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету қажет.
Менің бұйрығыммен апатқа қарсы күреске Қорғаныс министрлігі қосымша әскери күштерін жолдайды. Халыққа көмектесу үшін Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалануды тапсырамын. Сондай-ақ Үкімет шығындарды өтеудің тиімді жолдарын шұғыл қарастыруға тиіс. Оны зардап шеккен азаматтарға жан-жақты түсіндіру керек. Берілетін өтемақы шығынды толық жабуы қажет.
Жағдайы неғұрлым күрделі аймақтардағы жұмысты үйлестіру үшін Үкімет басшысының орынбасарларына аймақтарға шығуды тапсырамын. Олар ахуал түзелгенше сол жерде болады. Ақпараттық штаб азаматтарды мемлекет қабылдап жатқан барлық шаралар жөнінде үздіксіз және жан-жақты хабардар етіп отыруға тиіс.
Бұқаралық ақпарат құралдарына, белсенді азаматтарға және блогерлерге айтарым, жұртты дүрбелеңге салатын жалған ақпараттарды таратпау қажет. Қазіргі уақытта билік пен қоғамды ұйыстыратын әрекеттер жасау аса маңызды. Азаматтарды тек қана ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамын.
Құтқарушыларға, тәртіп сақшыларына, волонтерлерге және апатпен күресуге атсалысып жатқан барша жұртқа алғысымды айтамын. Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді.
 
Бүгін су тасқынына байланысты елдегі жағдайға орай президент Қ.Тоқаев жұртшылыққа үндеу жариялады. Қиын-қыстау сәтте қазақ елін бірлік пен ынтымаққа шақырды. Тасқын судан зардап шеккен елді мемлекет ескерусіз қалдырмай, қаржылай және басқа да көмекпен қамтып, материалдық шығындардың толық өтелетіндігін жеткізді.
Өңірлердегі су тасқынынан зардап шегіп жатқан халыққа қолдау көрсету мақсатында Маңғыстау ауданы «Б.Жұмалиев атындағы ЖББМ» КММ-нің ұжымы да Атырау облысы Жылыой ауданының тұрғындары үшін жатақ орындар дайындаумен қатар басқа да көмек көрсетуге ат салысуда. Аудан басындағы барлық сала қызметкерлері, тұрғындар төтенше жағдайға қандай көмек көрсетуге әзір.
✊Бірлігі мықты ел қандай қиындықты да еңсереді .»Бір ел, бір халық-біргеміз, берік болсын іргеміз!» деген ұранды ұстанайық, ағайындар! Еліміз аман болсын!
 

"QH Жаздық жолдама-2024"

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Наурыз мерекесі аясында өтетін «Қайырымдылық» күніне орай, балаларды жазғы демалыспен қамтамасыз ету мақсатында «QH Жаздық жолдама-2024» қайырымдылық жобасы бойынша мектебіміздің үздік оқитын, дарынды оқушылары үшін 20 жолдама табыс етті. Мектеп оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыруға үлес қосушы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына ризашылығымызды білдіреміз.

Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзивті кабинет ашылды.

“Б. Жұмалиев атындағы ЖББМ” КММ-де ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзивті кабинет ашылды. Инклюзивті кабинетте ерекше балалармен түзету жұмыстары жүргізіледі, ұсақ және ірі моторикалары дамиды, дефектолог пен логопед мамандарынан қолдау көрсетіледі. Біздің мектебімізде ерекше білім беруді қажет ететін 17 бала бар. Әр баланың ерекшелігіне сай 1 дефектолог, 1 логопед маманымыз жұмыс жасайды.

https://www.facebook.com/100022355473500/videos/680832727587330/

Есеп беру жиналысы

Ағымдағы жылдың 16 қаңтар күні, Маңғыстау облыстық білім басқармасының Маңғыстау ауданы бойынша білім бөлімінің «Б.Жұмалиев атындағы жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде ұжымдық жиналыс болып өтті.
Күн тәртібінде келесі мәселелер қаралды:
1. Директордың 2023 жылғы жұмысы бойынша, соның ішінде қаржы қозғалысы туралы есебі;
2. Кәсіподақтың жылдық жұмысы туралы есебі;
3. Педагог этикасы.
Мектеп директоры Тажмаганбетова А. жиналыс барысында 2023 жылы атқарылған жұмыстар мен барлық жұмсалған қаржылардың шығыс, кіріс есебін, кәсіподақ төрайымы Бапанова Н. кәсіподақтың жылдық есебі туралы ақпарлама берді. Жиналысқа барлық мектеп қызметкерлері және қамқоршылық кеңес төрағасы Байжанов Амалбек, қамқоршылық кеңес мүшесі Байжанақова Айнагүл, БАҚ тілшісі Амангелдин Эльдар қатысты. Сонымен қатар педагогикалық әдеп кеңес мүшелері ардагер ұстаздар Ізғали Жұмагүл мен Бөкенбай Оңайгүл қатысты.
Үшінші мәселе бойынша “Педагогикалық әдеп және сөйлеу мәдениеті” тақырыбында кеңінен сөз қозғалды. К.Жусипова педагогикалық әдеп этикасының тармақтарын көрсете отырып, өмірмен байланыстырып, өзекті мәселелерге тоқталды.
Мектеп ұжымы қозғалған тақырыптарға сәйкес, көкейінде жүрген сұрақтарды қойып, өз жауаптарын алды.
Маңғыстау Аудандық Білім Бөлімі
Маңғыстау Ауданы Оқу-әдістемелік Орталығы
Білім Берудің Оқу-Әдістемелік Орталығы
@mangystau_obl_bilim_baskarmasy

Фотогалерея

Ақпарат